КМГ басшысы Абу-Дабидегі мұнай-газ форумында компанияның стратегиялық басымдықтары туралы айтты » DailyKz
Экономика

КМГ басшысы Абу-Дабидегі мұнай-газ форумында компанияның стратегиялық басымдықтары туралы айтты

Абу-Дабиде өткен халықаралық ADIPEC мұнай-газ конференциясында “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов “Энергетикалық өтпелі кезеңдегі Қазақстан: тұрақтылық пен жаңғыру жолы” тақырыбында баяндама жасады, деп хабарлайды dailykz.

Энергетикалық трансформация жағдайындағы жаңа бағыттар

Асхат Хасеновтың айтуынша, жаһандық энергетикалық трансформация жағдайында “ҚазМұнайГаз” компаниясы нарықтың жаңа талаптарына бейімделіп, ұзақмерзімді тұрақты даму стратегиясын жүзеге асырып келеді.

“Ұлттық компанияның стратегиясы құндылық тізбегінің барлық кезеңдерін қамтитын кешенді дамуға бағытталған. Мұнай мен газ – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігінің негізі әрі экономикалық өсімнің басты қозғаушы күші. Дегенмен, энергетика саласындағы жаһандық өзгерістер бизнесті әртараптандыру мен жаңа бағыттарды дамытуды қажет етеді. Біз өз қызметімізді барлық жетекші секторларда кеңейтіп, компания портфелін тұрақты әрі болашақ сын-қатерлерге дайын етудеміз”, – деді КМГ басшысы.

Геологиялық барлау және халықаралық серіктестік

Бүгінде “ҚазМұнайГаз” елдің минералды-шикізат базасын толықтыру мақсатында геологиялық барлауды белсенді түрде дамытып келеді. Компания бұл бағытта халықаралық серіктестермен бірлесіп жұмыс істейді, бұл өз кезегінде инвестиция мен заманауи технологияларды тартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан барлау жобаларының әлеуеті шамамен 800 миллион тонна мұнай эквивалентін құрайды. Сонымен қатар, КМГ әлемдік энергетикалық нарықта сенімді энергия жеткізуші ретінде өз позициясын нығайтып отыр.

Мұнай өңдеу және мұнай-химия саласын дамыту

Асхат Хасеновтың айтуынша, компания мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға және мұнай-химия өндірісін дамытуға айтарлықтай қаражат бөліп келеді.

“Мұнай-газ химиясы – ел экономикасы үшін жаңа өсім нүктесі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, “ҚазМұнайГаз” бұл саланы шикізат экспортына тәуелділіктен арылтып, терең өңдеуге бағытталған индустрияландыру драйверіне айналдыруда. Атырау облысында полипропилен өндіретін KPI газ-химия кешені жұмыс істеп тұр, полиэтилен зауытының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ ПЭТФ және ‘Карбамид’ жобалары іске асырылмақ. Бұл бастамалар Қазақстанның импортқа тәуелділігін азайтып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге жол ашады”, – деді ол.

“Жасыл” энергетика және инновациялар

Компания басшысы “ҚазМұнайГаздың” жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларға да белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Бұл жобалар шетелдік серіктестермен бірлесіп іске асырылуда.

“Біз үшін әртараптандыру – мұнай мен газдан бас тарту емес, керісінше осы ресурстардың әлеуетін жаңа технологиялар, серіктестік және инновациялар арқылы ашу. Мұнай – біздің стратегиялық негізіміз, сонымен бірге Қазақстанның индустриялық жаңғыруына апарар көпір”, – деді Асхат Хасенов.

Related Articles

Leave a Reply

Back to top button