Александр Бублик Париждегі «Мастерс» турнирінде қағидалы қарсыласын жеңді

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик ATP 1000 сериясындағы Париждегі хард турнирінің үшінші кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды dailykz.
Әлемдік рейтингтің 16-шы сатысында тұрған және турнирге 13-ші нөмірмен тіркелген Бублик екінші айналымда франциялық Корентен Мутемен (32-ракетка) кездесті. Бұл екеуінің арасындағы қатынас бұрыннан шиеленісті: теннисшілер бұған дейін бір-бірі жайлы өткір пікірлер айтқан болатын.
Кездесу екі сетпен аяқталып, қазақстандық спортшының пайдасына шешілді — 6:3, 7:5. Матч 1 сағат 36 минутқа созылды.
Ойын барысында Бублик алты эйс орындап, екі қос қателікке жол берді және он брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Сонымен қатар, ол өз подачасын бірде-бір рет жоғалтқан жоқ.
Келесі кезеңде Александр Бублик әлемнің төртінші ракеткасы саналатын америкалық Тейлор Фритцпен кездеседі. Бұл матч турнирдің ең тартысты ойындарының бірі болуы күтілуде.
Айта кетсек, Корентен Муте жуырда Алматыда өткен ATP 250 турнирінің финалына дейін жетіп, шешуші ойында ресейлік Даниил Медведевке есе жіберген еді. Сол жарыстан кейін француз ойыншысы қазақтың ұлттық шапанын киіп, Вена көшелерінде серуендеген болатын.




