Алматыдағы Алатау ауданының әкімі болып Данияр Кирикбаев тағайындалды

Алматы қаласының Алатау ауданына жаңа әкім тағайындалды. Бұл қызметке Данияр Кирикбаев келді, деп хабарлайды dailykz мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен, сондай-ақ президент әкімшілігі мен қалалық мәслихаттың келісімі негізінде Алатау ауданының әкімі болып Данияр Кирикбаев бекітілді.
2024 жылдың сәуір айынан бері ол Алматы қалалық қала құрылысы бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарып келген.
Данияр Кирикбаев 1986 жылғы 29 сәуірде Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін және Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2007 жылы банк секторында бастаған. Әр жылдары мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда түрлі қызметтер атқарды: «Қазақстан темір жолы» АҚ, Бас прокуратура, Парламент Сенаты аппараты және Жоғарғы сотта жұмыс істеген. Сондай-ақ Алматы қалалық сот әкімшісінің басшысы болған.
2019–2021 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалын басқарды. Кейін Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасын басқарды.
Айта кетейік, тамыз айында Алматы қаласы әкімінің жаңа орынбасары болып Алмасхан Сматлаев тағайындалған еді. Ол бұған дейін президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған.
Бұған дейін, 2022 жылдың ақпанынан бастап қызмет еткен Асқар Амрин қала әкімінің орынбасары лауазымынан кеткен болатын.
Еске сала кетейік, биыл мамыр айының соңында Алматы қаласының басшысы ауысқан еді – мегаполистің жаңа әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалды.
Данияр Кирикбаев Алматыдағы Алатау ауданының жаңа әкімі ретінде қызметіне кірісті.