Алматыда UEFA талаптарына сай 35 мың орындық жаңа стадион салынады

Алматыда халықаралық деңгейдегі заманауи стадион салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды dailykz қалалық әкімдікке сілтеме жасап. Сонымен қатар, билік өкілдері қазіргі Орталық стадионның тағдырына да тоқталды.
Қала әкімі Дархан Сатыбалды жобамен танысып шықты. Жоспарға сәйкес, жаңа арена Құлжа және Талғар трактілері арасындағы 15 гектар аумақта бой көтермек. Бұл аумақ болашақта маңызды көлік-логистикалық торапқа айналады.
Жаңа стадион UEFA-ның 4-санат талаптарына сай салынып, 35 мың көрерменге арналған орындықпен жабдықталады. Бұдан бөлек, жобаға жаттығу базалары, жанкүйерлерге арналған демалыс аймақтары және заманауи қауіпсіздік жүйелері енгізілген.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, жұмысты жеделдетуіміз қажет. Келер жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауымыз керек», – деді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды.

Әкімдік өкілдері атап өткендей, 65 жылдан астам уақыт бұрын салынған Орталық стадион сақталып, жаңғыртудан өтеді. Модернизация кезінде жеңіл атлетика инфрақұрылымы ескерілмек.
Айта кетейік, бүгін дәл осы Орталық стадионда «Қайрат» пен «Селтик» арасындағы матч өтеді. Жанкүйерлер үшін қаланың негізгі нүктелерінен стадионға дейін және кері бағытта тегін автобустар қатынайды.
Сонымен қатар, ойын қарсаңында Алматы полициясы қоғамдық қауіпсіздікті күшейтті. Лига чемпиондары матчына байланысты кейбір көшелерде қозғалыс уақытша шектелетіні ескертілді.
Жаңа 35 мың орындық стадион Алматыны халықаралық спорт аренасына айналдыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.