Астанада Иордания королінің ресми сапарына байланысты жолдарда шектеулер енгізіледі

Қазақстанға ресми сапармен Иордания королі Абдалла II ибн әл-Хусейн келеді. Осыған байланысты елорда тұрғындарына қала көшелерінде уақытша қолайсыздықтар болатыны ескертілді, деп хабарлайды dailykz Мемлекеттік күзет қызметіне сілтеме жасап.
Қауіпсіздік шаралары
Ресми мәліметке сәйкес, дайындық жұмыстары барысында мемлекеттік арнайы және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштерінің ресурстары жұмылдырылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскери авиация мен техника да қолданылатын болады.
“Халықаралық деңгейдегі маңызды шара кезінде жүргізілетін қауіпсіздік шараларына елорда тұрғындары мен қонақтарының түсіністікпен қарауын сұраймыз”, – делінген хабарламада.
Екіжақты қарым-қатынас
Еске сала кетейік, 23 тамыз күні Иордания королінің Қазақстанға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келетіндігі хабарланған болатын.
Ал биыл ақпанда Тоқаев Иордания Хашимиттік Корольдігіне ресми сапармен барған еді. Кездесу барысында Қазақстан мен Иордания мемлекеттері бірлескен мәлімдеме жасап, бірнеше құжаттар мен меморандумдарға қол қойды.
Сонымен қатар, Қазақстан президенті Иордания ханзадасы мен ханшайымымен жүздесіп, тарихи мұражайды аралаған болатын. Сапар аясында Тоқаев король Абдалла II-ге Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті.