«Ауыр ойын»: «Ак Барс» хоккейшісі Артем Галимов «Барысқа» қарсы жеңіс жайлы айтты » DailyKz
Спорт

«Ауыр ойын»: «Ак Барс» хоккейшісі Артем Галимов «Барысқа» қарсы жеңіс жайлы айтты

Қазандық «Ак Барс» хоккей клубының шабуылшысы Артем Галимов «Барысқа» қарсы өткен КХЛ чемпионатының тұрақты кезеңіндегі матчты қорытындылап, dailykz тілшісіне берген сұхбатында ойымен бөлісті.

«Барыспен әр кездесу тартысты өтеді»

– Матч өте тартысты болды. Ең бастысы – жеңіске жеттік, – деді Галимов.

Оның айтуынша, «Барыспен» ойындар әрдайым шиеленісті өтеді, себебі қос команда да жоғары деңгейде дайындалады.
– Бұл да КХЛ-дегі басқа кездесулер сияқты қарапайым матч, бірақ бәсеке жоғары болды, – деді ол.

«Төртінші ойын болғандықтан ауыр тиді»

– Маусым басынан бері «Барыспен» үш рет кездестік. Бүгінгі матч біздің команда үшін ең қиыны болды деуге болады. Себебі бұл – төртінші сырт алаңдағы ойын. Бір сәттерде қарсылас жылдамырақ қимылдады. Бірақ біз ақылмен ойнап, дұрыс шешім қабылдадық. Сол арқылы жеңіске жеттік, – деді «Ак Барс» хоккейшісі.

«Командада өзара түсіністік күшейді»

Сұхбат барысында Галимов қазан айындағы жеңістер сериясына да тоқталды:
– Барлық жігіттер барын салып ойнап жүр. Әркім өз үлесін қосып, бір-бірін қолдайды. Соның арқасында нәтижеге қол жеткізудеміз, – деп атап өтті ол.

«Өз ойыныма да көңілім толады»

– Өзімнің де бабым жақсы. Біртіндеп формаға келіп жатырмын. Біздің шабуыл шебі үйлесімді ойнады, тек бүгін аздап сәтсіздік болды. Жалпы, бәріне ризамын, – деді хоккейші.

Айта кетсек, бұған дейін «Ак Барс» командасына жеңіс әкелген буллиттің авторы Александр Барабанов та матч нәтижесін қорытындылаған болатын.

Қазіргі таңда қазандық клуб 23 ұпай жинап, КХЛ-дың Шығыс конференциясында екінші орынға көтерілді.

Келесі қарсылас – «Локомотив»

«Ак Барс» келесі кездесуін 22 қазанда өз алаңында, «Татнефть Аренада» өткізеді. Қарсылас – Гагарин кубогының қазіргі иегері, ярославльдік «Локомотив» командасы.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button