«Біз медаль алуға дайынбыз»: Руслан Курбанов — Қазақстанның қылышпен қорғану құрамасының тарихи жетістігі туралы

Қазақстанның қылышпен қорғану құрамасы үшін 2024/2025 маусымы нағыз тарихи жыл болды. Ерлер құрамасы алғаш рет әлем чемпионатында командалық медаль иеленіп, ел спорты тарихында жаңа парақ ашты. Команданың көшбасшысы, ел намысын абыроймен қорғап жүрген Руслан Курбанов dailykz-ке берген сұхбатында маусымның қорытындысын шығарып, командадағы рух, сын сәттердегі қолдау және алдағы Олимпиадаға дайындығы туралы айтты.
Тарихтағы алғашқы командалық медаль
Казақстанның ерлер құрамасы әлем чемпионаты тарихында тұңғыш рет командалық медаль жеңіп алды. Бұған дейін 2023 жылы Руслан Курбанов жеке есепте әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын.
Осы екі бірдей тарихи жетістігі үшін спортшыға Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілді.
«Біз мықтылармен теңбіз»
– Маусым біз үшін өте жақсы өтті, – дейді Руслан. – Ванкувердегі Әлем кубогы кезеңінде француздарды бір ұпай айырмасымен жеңуіміз — маңызды сәт болды. Сол кезде біз өз күшімізге сендік: “біз де үздіктерді жеңе аламыз”. Кейін мен Колумбияда өткен Гран-приде күміс медаль алдым — бұл өзіме деген сенімділікті қайта оятқан сәт.
– Азия чемпионатында да жапондардан кейін күміс жүлдеге ие болдық. Ал әлем чемпионатына келгенде, ішімнен “біз дайынбыз, біз пісіп-жетілдік” деп сездім. Нәтижесінде сол сенім өз жемісін берді. Команда сенді — және әлемдік медаль әкелді.
«Жеке медаль – мақтаныш, командалық – бақыт»
– Егер жеке және командалық медальдерді салыстырсақ, — дейді спортшы, — әрине, бұл екеуі екі түрлі сезім.
2023 жылғы жеке медаль – ерекше. Себебі мен өзімнен сұрадым: “Қазақстан әлем чемпионатында жүлде ала ала ма? Кім бірінші болады?” — деп. Сол кезде мен бірінші болдым, және бұл сезімді сөзбен жеткізу қиын.
Бірақ командалық медаль — бұл ұжымдық еңбек. Сол үшін ол әр спортшының жүрегінде бөлек орын алады.
«Бізге жай ғана жол болды» деген сынға жауап
– Кейбіреулер “командаға жолы болды” дейді. Бірақ мен басқаша ойлаймын: жолы болады – тек күштілердің. Біз бұл жетістікке бір маусымда емес, сегіз жылдық еңбектің нәтижесінде жеттік. Париж Олимпиадасына жол алу – жоспарлы еңбектің жемісі.
Олимпиада – басты мақсат
Курбановтың айтуынша, команда енді тоқтамайды:
– Бұл біздің шың емес, тек бастамасы. Әр спортшының мақсаты – Олимпиадалық медаль. Біз қайда бара жатқанымызды жақсы білеміз. Командада ортақ сенім бар, және бұл бізді алға жетелейді.




