Босфорды жүзіп өтпек болған ресейлік спортшы жоғалып кетті

Ресейлік спортшы Николай Свечников Стамбулда өткен Босфордағы құрлықаралық марафон кезінде із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды dailykz. Қазір спортшыны іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Қалай болды?
Свечников 24 тамыз күні таңертең басталған 6,5 шақырымдық марафонға қатысқан. Жарысқа барлығы 2896 адам тіркелсе, олардың 2665-і ғана мәреге жетті. Николай бастапқыда суға түскен, бірақ мәреге жетпеген.
Жарыс сағат 10:00-де басталып, 14:00-де аяқталған. Ал 15:30 бен 18:00 аралығында Босфорда Teknofest фестивалі аясында әскери кемелер жүріп өтті.
Алдын ала болжамдар
Кейбір деректерге қарағанда, Свечников бірінші көпірдің маңында әлсіреп қалуы мүмкін немесе денесін құрысу ұстаған. Қатысушылар жарыс барысында оған ұқсайтын адамның арқасымен жүзіп бара жатқанын байқағандарын айтқан. Сонымен бірге, спортшылар құтқарушы қайықтардың жетіспегенін алға тартуда.
Свечниковтың жарыстан кейінгі жеке заттары табылмаған. Жақындары құтқарушылар мен полицияның әрекетсіздігіне шағымдануда.
Іздестіру жұмыстары
Mash басылымының мәліметінше, спортшы жоғалғанына 12 сағаттан астам уақыт өтті. Түркияның жағалау күзеті іздеу шараларын жалғастыруда, алайда жергілікті полиция ресми арызды тек 24 сағаттан кейін ғана қабылдайтынын айтқан.
Николайдың жұбайы жақын уақытта Түркияға келіп, елшілікке жүгінуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, оның туыстары да Стамбулға жолға шыққан.
Контекст
Еске сала кетейік, шілде айында Қырғызстандағы Ыстықкөлде шымкенттік боксшы Ибрагим Ирисматов суға батып қайтыс болған еді. Бұл оқиға да спорт қауымдастығын дүр сілкіндірген болатын.