
Қыркүйек айында Мәжіліс отырысында депутат Абзал Құспан ел футболындағы келісілген матчтар мәселесін көтеріп, тергеу жүргізуді талап еткен еді. Ол халықаралық Sportradar компаниясының деректеріне сүйене отырып, 2022 жылы Қазақстан әлем бойынша келісілген матчтар саны жағынан 4-орынға шыққанын айтқан болатын.
«Бұл — қазақстандық футболда әділетсіз ойын кеңінен таралғанының және оның ресми түрде мойындалғанының айғағы. Қоғамдық ұйымдар мен БАҚ букмекерлік кеңселердің көптеген матчтарды ставкалардан алып тастағанын тіркеп жүр, алайда мұндай фактілер тергеусіз қалып отыр», — деген еді депутат.
Абзал Құспан құқық қорғау органдарын тарта отырып, футболдағы келісілген матч фактілерін жан-жақты тергеуді сұрады.
Бір айдан кейін Бас прокуратура депутаттық сауалға жауап беріп, Қазақстан футбол федерациясы мен бірқатар клубтарда тексеріс жүргізгенін хабарлады. Тексеру нәтижесінде келісілген ойындар мен букмекерлік ставкаларға қатысу деректері анықталған.
Мысалы, Ақтөбеде тоғыз футболшы жалпы сомасы 110 миллион теңгеге ставкалар жасаған.
Осыған байланысты 2025 жылғы 2 сәуірде Федерацияға заң бұзушылықтарды жою жөнінде ресми ұсыну енгізілген. Оның нәтижесінде Федерация қаржылық тәртіпті күшейтуге бағытталған “Жол картасын” әзірлеген.
Құжатта аудит, қаржы және этика комитеттерін құру, сондай-ақ қаржылық тұрақтылық пен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған 33 шараны жүзеге асыру қарастырылған. Сонымен қатар, ішкі аудит қорытындысы бойынша бірқатар кадрлық шешімдер қабылданған.
Атап айтқанда, Федерация аппаратының басшысы, басқарушы директор, заң, операциялық және маркетинг департаменттерінің директорлары, сондай-ақ қауіпсіздік және адалдық қызметінің жетекшісі қызметінен босатылған. Кейбір басшылар төменгі лауазымдарға ауыстырылды.
Бас прокуратураның мәліметінше, қазір Федерация заңбұзушылықтарды жою, қаржылық тәртіпті нығайту және футболды дамыту мақсатындағы жаңа ұйымдастырушылық өзгерістерді енгізу жұмыстарын жалғастырып жатыр.


