«Дипломатиялық этикеттен жоғары»: Си Цзиньпиннің Тоқаевқа ерекше ықыласы жайлы мәлім болды

Қазақстандық журналист Әділ Балтабаев Telegram-арнасында Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсеткен ерекше ықыласы туралы жазды, деп хабарлайды dailykz.
Журналистің айтуынша, Қытайға іссапармен барған Тоқаевты еріп жүрген делегацияның ішінде Си Цзиньпин жеке қабылдау ұйымдастырған санаулы лидердің бірі болған. Барлығы 22 ел басшысы келген болса, олардың ішінен үш-ақ мемлекет басшысы ғана құрметті қонақ ретінде таңдалған, соның қатарында Қазақстан президенті бар.
«Кешкі ас шамамен екі сағатқа созылды. Жиында ресми салтанаттан гөрі сенімді, достық атмосфера сезілді. «Менің қымбатты досым» деген сөз бірнеше рет айтылып, әрбір сәтте қазақстандық делегацияға ерекше назар аударылғаны байқалды.
Бұл қарым-қатынас қазақстан-қытай байланыстарының бүгінгі деңгейі протоколдық этикеттен әлдеқашан асып түскенін көрсетеді. Мемлекет басшысы оларды «барлық маусымға төзімді» деп сипаттаса, Си Цзиньпин «әлемдік саясаттағы өзгерістерге тәуелді емес» екенін қосты. Президентті алда қарқынды күндер күтіп тұр: ШЫҰ және «ШЫҰ плюс» саммиттері, Бейжіңдегі іскерлік кеңес және жаңа келіссөздер», – делінген жазбада.
Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың беделді ағылшын тіліндегі басылымы China Daily-де мақала жариялап, Қазақстан мен Қытай арасындағы берік байланыстардың маңызын атап өткен еді.
Еске салсақ, президент Тоқаев 26 тамызда Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайға сапарлайтыны хабарланған. Сапар бағдарламасы 30 тамыз бен 3 қыркүйек аралығына жоспарланған. Бұған дейін, 16 маусымда Си Цзиньпин Тоқаевтың шақыруымен Астанаға келіп, екі ел басшылары келіссөз жүргізген болатын. Сол кезде Тоқаев Қытай төрағасын туған күнімен құттықтап, оның сапарының символдық мәнін атап өткен.
Кездесулердің қорытындысы бойынша 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Си Цзиньпин Қазақстан жерінде көрсетілген жылы қабылдауға алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитіне алты елдің басшысы қатысты. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдің атом энергетикасын дамытудағы тәжірибесін жоғары бағалап, Қытайдан Орталық Азия елдеріне бағытталған жүк тасымалының артып келе жатқанын айтты. Президент Каспийде ортақ терминал құруды ұсынып, киберқылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықтың қажеттігін де атап өтті. Саммит соңында Тоқаев, Си Цзиньпин және аймақ елдерінің басшылары «Астана декларациясына» қол қойды.
Си Цзиньпиннің Тоқаевқа көрсеткен ерекше ықыласы Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының жаңа деңгейін айқын көрсетті.