Энергетика министрлігі қазақстандықтарға бензин мен сұйытылған газ бойынша үндеу жасады » DailyKz
Экономика

Энергетика министрлігі қазақстандықтарға бензин мен сұйытылған газ бойынша үндеу жасады

Қазақстан Энергетика министрлігі елдегі сұйытылған газ жағдайына байланысты ресми мәлімдеме жасады. Ведомствоның хабарлауынша, Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) газ өндіруді қайта жандандырды, деп хабарлайды dailykz.


Атырау зауыты жұмысты мерзімінен бұрын қайта бастады

Министрліктің мәліметінше, Атырау мұнай өңдеу зауыты сұйытылған мұнай газын өндіруді қайта қолға алды. Кәсіпорын жоспарлы жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтап, барлық технологиялық қондырғыларды қалыпты жұмыс режиміне шығарды.

“Зауыт тұрақты режимде жұмыс істеп тұр және өндірістік бағдарламаға сәйкес өнім шығаруда. АМӨЗ тәулігіне 16,8 мың тонна мұнай өңдеп, бұл жобалық қуаттың 100 пайызына тең. Күніне 10 мың тоннадан астам сұйытылған газ, АИ-92 маркалы автобензин, маусымаралық және қысқы дизель отыны өндіріліп, жөнелтілді”, – делінген министрліктің хабарламасында.

Қазіргі таңда зауыттың тәуліктік сұйытылған газ өндірісі шамамен 700 тонна. Бұл кәсіпорын елдегі сұйытылған газдың жалпы көлемінің 11 пайызын қамтамасыз етеді. Сондықтан зауыттың қайта іске қосылуы ішкі нарықтағы тұрақтылықты күшейтудің маңызды факторы болып саналады.

Министрлік атап өткендей, қосымша өндірілген отын көлемі өңірлерге жеткізу кестесіне сәйкес жолдануда және бұл қазіргі қажеттіліктерді толық қамтуға мүмкіндік береді.


Аймақтардағы жағдай үнемі бақылауда

Энергетика министрлігі өңірлерді сұйытылған газ және бензинмен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда екенін хабарлады.

Бұған дейін министрлік Алматы және Түркістан облыстарында автогаз тапшылығына байланысты жүргізушілердің шағымдарына жауап берген болатын.

Сол сияқты, Солтүстік Қазақстан өңірінде де сұйытылған газдың жетіспеушілігі байқалды. Ауыл шаруашылығы науқаны кезінде газдың айтарлықтай бөлігі астық кептіру процесінде пайдаланылғаны атап өтілді.

Ал Шымкент қаласында энергетика басқармасы министрліктен қосымша отын көлемін бөлуді сұраған.

Related Articles

Back to top button