Хабиб Нурмагомедов: Шавкат Рахмонов – Махачев үшін жаңа салмақтағы басты қауіп

UFC даңқ залының мүшесі, жеңіл салмақтағы бұрынғы жеңілмеген чемпион Хабиб Нурмагомедов полусредний дивизионға ауысқан Ислам Махачевтің болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dailykz.
Жақында P4P рейтингінің бұрынғы көшбасшысы Ислам Махачев жеңіл салмақтағы белбеуін босатып, жаңа салмаққа өтті. Журналист Камил Гаджиевтен сұхбат алған Хабибтен ол Ислам үшін қазіргі чемпион Джек Делла Маддаленадан бөлек үш қауіпті қарсылас атауды өтінді.
«77 келіде Шавкатты ерекше қарсылас ретінде көремін. Белал (Мухаммад) мен Шавкат – құрметке лайық, ал Иэн Гэрриді онша қауіпті деп санамаймын. Шавкат өз жекпе-жектерімен 77 кг салмақта нақты қауіп екенін дәлелдеді», – деді Нурмагомедов.
Сонымен қатар, ол рейтингтің екінші нөмірі Шон Брэди туралы да пікір білдіріп, Махачевке ыңғайлы қарсылас екенін атап өтті.
«Шавкат, Белал және Делла Маддалена – Ислам үшін ең қауіпті үш есім», – деп түйіндеді Хабиб.
Камил Гаджиев те Хабибтің аузынан Рахмоновтың есімін күтті. Алайда Нурмагомедов Махачев пен Белал Мухаммад арасында жекпе-жек өтуі екіталай екенін айтты, себебі екеуінің менеджері мен жаттығу командасы ортақ.
Айта кетейік, жақында қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов UFC-дің барлық салмақ дәрежелеріндегі үздік спортшылар рейтингінде (P4P) өз орнын алды. Сондай-ақ, оның Шон Брэдиге қарсы үміткерлік жекпе-жек өткізуі мүмкін екені айтылғанымен, UFC бұл кездесуді ресми түрде жариялаған жоқ.
Қазіргі таңда басты назар чемпион Джек Делла Маддалена мен Ислам Махачев арасындағы тартысты айқасқа ауды. Бұл жекпе-жек ресми түрде бекітілмесе де, қараша айында Нью-Йоркте өтуі ықтимал деген ақпарат тарады.
Шавкат Рахмонов жаңа салмақта Ислам Махачевке ең қауіпті қарсылас ретінде аталып отыр.