Хамзат Чимаев UFC тарихында жаңа рекорд орнатты

Орта салмақтағы жаңа чемпион Хамзат Чимаев (ОАЭ) UFC тарихында бір жекпе-жекте ең көп дәл соққы жасаған спортшы атанды, деп хабарлайды dailykz ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жекпе-жек барысы
UFC 319 турнирінің басты кездесуінде Чимаев оңтүстікафрикалық Дрикус Дю Плесиді бес раундтық айқаста қапысыз басымдықпен жеңіп, қазылар шешімімен чемпиондық белбеуді иеленді.
Жекпе-жек барысында ол 12 рет сәтті тейкдаун орындап, уақыттың басым бөлігінде қарсыласын партерде бақылауда ұстады. Барлығы 529 дәл соққы жасалғаны тіркелді — бұл UFC тарихындағы жаңа рекорд. Алайда олардың тек 37-сі ғана маңызды соққы ретінде есепке енді.
Рекордтар мен көрсеткіштер
Чимаев қарсыласын 21 минут 40 секунд бойы бақылауда ұстап тұрды. Бұл UFC тарихындағы екінші нәтиже. Абсолюттік рекорд 2007 жылы америкалық Шон Шеркке тиесілі: ол жеңіл салмақта бразилиялық Эрмис Франсаны 22 минут 18 секунд ұстап тұрған еді.