«Лабубу» ойыншықтары мен дредтері: Наоми Осака US Open турнирінде ерекше образдарымен жанкүйерлерді таңғалдырды

Нью-Йоркте өтіп жатқан беделді теннис турнирі — US Open жанкүйерлердің назарын жапон теннисшісі Наоми Осаканың айрықша образдарына аударды, деп хабарлайды dailykz.
US Open — теннистегі төрт «Үлкен дулыға» турнирінің бірі әрі маркетинг тұрғысынан ең танымал спорттық оқиғалардың қатарында. Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Наоми Осака әрдайым ірі жарыстарға ерекше дайындықпен келіп, өзгеше киім үлгілерімен көзге түсіп жүр.
Биыл спортшы жұртты тек киімімен ғана емес, аксессуарларымен де таңғалдырды. Мәселен, алғашқы матчына Наоми арнайы тігілген қызғылт көйлекпен шықты. Образын дредтер, гүл пішіндес әшекейлер және жарқыраған тастармен көмкерілген құлаққаптар толықтырды. Ал сөмкесіне ол жеке жасалған «Лабубу» ойыншығын іліп алды. Кейінірек теннисші ойыншыққа «Билли Джин Кинг» деп ат қойды — бұл тарихтағы ең атақты теннисшілердің бірі құрметіне берілген есім.
Екінші кездесуінде Осака күлгін түсті көйлекпен шықты. Бұл жолы да ол жаңа «Лабубу» ойыншығын ала келді. Оған Наоми «Артур Флэш» деп ат берді. Жанкүйерлер енді алдағы ойындарда спортшы тағы қандай образдар мен ойыншықтар көрсетеді екен деп күтуде.
Айта кетейік, өткен жазда Парижде өткен «Ролан Гаррос» турнирінде Наоми әйгілі аниме кейіпкері — Сакураның бейнесінде жұрт алдына шыққан болатын.
Наоми Осака жайлы қысқаша
Олимпиада ойындарының ресми сайтындағы деректерге сүйенсек, Наоми Осака — жапон ана мен гаитилік әкенің қызы. Ол 2016 жылы әлемге танылып, 19 жасында ЖТА-ның «Жыл жаңалығы» атағын иеленді. Бұл оның үлкен спорттағы алғашқы қадамы еді.
2018 жылы Осака Симона Халепті жеңіп, WTA турниріндегі алғашқы атағын Индиан-Уэллсте иеленді. Сол жылы АҚШ ашық чемпионатының финалында Серена Уильямсты ұтып, мансабындағы басты жетістіктердің біріне қол жеткізді.
Келесі «Үлкен дулыға» — 2019 жылғы Австралия ашық біріншілігінде Наоми қатарынан екінші рет ірі турнирді жеңіп алды. Бұл жетістікке ол 2001 жылдан бері ешбір әйел теннисші қол жеткізбеген еді.
2020 жылғы Токио Олимпиадасында Осака Азиядан шыққан тұңғыш әлемнің бірінші ракеткасы әрі «Үлкен дулыға» чемпионы ретінде Олимпиада алауын тұтатуға мүмкіндік алған алғашқы спортшы болды.
Бүгінде Наоми Осака — төрт дүркін «Үлкен дулыға» жеңімпазы және әлемдегі ең дәулетті спортшылардың бірі.
US Open корттарында Наоми Осаканың образдары да, ойыны да жанкүйерлер назарында қалмақ.