Легендаға қарсы аңыз: Майк Тайсон Флойд Мейвезермен жекпе-жегін жариялады

Бокстың бұрынғы абсолютті чемпионы Майк Тайсон аңызға айналған Флойд Мейвезермен жекпе-жек өткізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды dailykz.
“Легендаға қарсы аңыз. 2026”
“Темір Майк” Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында алдағы кездесудің афишасын бөлісті.
Афишада қысқа ғана жазу бар: “Легендаға қарсы аңыз. 2026”. Сонымен бірге, Тайсон келісімшарттың ресми түрде қол қойылғанын атап өтті.
“Жақында”, — деп қысқа қайырды ол.
Жекпе-жекті ұйымдастырумен екі спортшының промоутерлік компаниялары айналысып жатқаны да белгілі болды.
Жанкүйерлердің сұрағы: қай салмақта өтеді?
Жекпе-жек жарияланғаннан кейін жанкүйерлер арасында бірден сұрақ туындады: кездесу қай салмақта өтеді? Өйткені Тайсон мен Мейвезер әртүрлі дивизиондарда өнер көрсеткен боксшылар.
Тайсонның соңғы кездесуі
Айта кетейік, Майк Тайсон соңғы рет рингке өткен жылдың қарашасында шыққан болатын. Ол кезде қарсыласы — блогер Джейк Пол еді. Техастың Арлингтон қаласында өткен жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланып, толық қашықтыққа созылды. Нәтижесінде жеңісті ютубер Джейк Пол иеленді.
Бұл кездесу Тайсон үшін 2005 жылдан кейінгі алғашқы ресми жекпе-жек ретінде тарихта қалды. Сол жылы ол кәсіби мансабын аяқтаған болатын.
Мейвезер де үлкен спорттан кеткен
Флойд Мейвезер де біраз уақыттан бері кәсіби рингке шықпайды. Соңғы жылдары ол тек көрме жекпе-жектерінде өнер көрсетіп жүр. Солардың ішінде ютубер Логан Полмен өткен кездесуді ерекше атап өтуге болады.
Майк Тайсон мен Флойд Мейвезер арасындағы “аңызға қарсы аңыз” жекпе-жегі 2026 жылы спорт әлеміндегі ең басты оқиғалардың бірі болатыны анық.