Лямблия деген не: қарапайымдылардың бір түрі туралы ақпарат

Кейбір ішек ауруларының себебі біз байқамайтын өте ұсақ паразиттер болуы мүмкін. Солардың бірі — лямблия, яғни адам ағзасында өмір сүретін және көбінесе ішектің жұмысын бұзатын қарапайымдылар қатарына жататын паразит.
Лямблиоз дегеніміз не?
Бұл — лямблиялар тудыратын жұқпалы ауру. Олар негізінен аш ішекте көбейіп, ас қорыту жүйесінің жұмысын бұзады. Лямблиямен негізінен балалар жиі ауырады, бірақ ересектерде де кездесуі мүмкін.
Жұғу жолдары
Ауру адамнан адамға нәжіс-ауыз жолымен жұғады. Яғни:
- лас қол арқылы;
- қайнамаған су ішкенде;
- жуылмаған көкөніс пен жеміс-жидек жегенде;
- ластанған заттарға (ойыншық, есік тұтқасы т.б.) қол тигізгенде.
Белгілері қандай?
Лямблия жұққан кезде кейбір адамдарда симптомдар байқалмауы мүмкін. Бірақ көбіне келесі белгілер кездеседі:
- іштің кебуі, ауыруы;
- жиі немесе сулы диарея;
- тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту;
- баланың дамуының баяулауы;
- әлсіздік, ашушаңдық;
- кейде аллергиялық бөртпелер.
Диагностика және ем
Лямблиоз диагнозын қою үшін нәжіс немесе дуоденалды сұйықтық талдауы жасалады. Заманауи әдістердің бірі — ИФА (иммуноферменттік анализ) арқылы антиденелерді анықтау.
Емдеу дәрігердің бақылауымен жүргізіледі және антипротозойлық дәрілермен (мысалы, метронидазол, тинидазол) емделеді. Сонымен қатар, диета сақтау, ішек микрофлорасын қалпына келтіру де маңызды.
Алдын алу шаралары
- Қолды сабындап жиі жуу;
- Суды қайнатып ішу;
- Көкөніс пен жемістерді мұқият жуу;
- Балаларға гигиена ережелерін үйрету;
- Ластанған суларда шомылмау.