Маңғыстауда Президент жолдауын жүзеге асыру жолдары талқыланды

11 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нурдаулет Қылыбайдың төрағалығымен өңірлік активтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауы — «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер мен оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» аясында ұсынылған бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жолдауда ел экономикасын дамыту бағыттары нақты көрсетілген. Оған инвестиция тарту, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, көлік-логистика кешенін жетілдіру, адами капиталды нығайту, цифрлық дамуды жеделдету және жасанды интеллектті экономиканың барлық секторына енгізу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су инфрақұрылымын жаңғырту және Каспий теңізін қорғау кіреді.
Әкім өңірде атқарылып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстарға ерекше назар аударды.
Маңғыстау облысында инвестиция тарту, бизнесті дамыту және инвестициялық климатты жақсарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде жақын арада көлік-логистика, машина жасау, цифрландыру және балық шаруашылығы саласындағы жобалар ірі шетелдік, соның ішінде қытайлық компаниялармен жасалған келісімдер шеңберінде іске асырылмақ.
Сондай-ақ жолдауда көрсетілген көлік-логистика саласын дамыту жобалары атап өтілді. Бүгінде президенттің қолдауымен Ақтау портында контейнерлік хабтың алғашқы кезеңі іске қосылды. Ал 2028 жылға қарай 11 млн тонна сыйымдылықтағы «Саржа» теңіз терминалы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Ақтау халықаралық әуежайында логистика және авиация хабын құру жұмыстары басталмақ, жобаның құны – 1 млрд АҚШ доллары.
Әкім жолдаудағы басым бағыттардың бірі – туризм екенін атап өтті.
Сондықтан 2025–2029 жылдары жалпы құны 193 млрд теңге болатын 19 жоба жүзеге асырылмақ, бұл қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Арнайы назар экологиялық және жағажай туризмін дамытуға аударылған, әсіресе Бозжыра, Шеркала, Айрақты, Кендерлі және Ыстық жағажай туристік аймақтарында.
Сонымен қатар, әкім мәслихат, атқарушы билік және азаматтық қоғамның үйлесімді жұмыс істеуінің маңызды екенін, бұл жолдауда көрсетілген міндеттерді тиімді орындауға септігін тигізетінін ерекше атап өтті.
«Жолдауда мемлекет басшысы ел дамуының жаңа басым бағыттарын белгіледі. Маңғыстау облысы көлік-логистика саласында ел экономикасы үшін ерекше мәнге ие. Өңірде көптеген маршруттар тоғысады, сондықтан үлкен әлеует бар. Президент жолдауында осы саланың маңызды екенін атап өтіп, дамуына байланысты бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар, жолдауда Бейнеу — Сақсауыл автомобиль жолын салуды аяқтау тапсырылды. Бұл өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруда стратегиялық қадам болып табылады. Осы маршрут арқылы тасымалдауды оңтайландыру және Алматы — Бейнеу — Сақсауыл желісін дамыту жоспарлануда. Жобаның басты мақсаты — оңтүстік пен батыс аймақтарды байланыстыру, экономикалық интеграцияны қолдау. Өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану – басты міндетіміз. Қазір біздің мақсатымыз – халықпен бірігіп, осы бастамаларды жүзеге асырып, өңірдің тұрақты дамуына қол жеткізу», — деді Нурдаулет Қылыбай.