Мобильді банкингтегі қаражатты қорғау жолдарын Қазақстанның қаржы реттеушісі түсіндірді

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мобильді банкингті қауіпсіз пайдалану үшін бірқатар кеңес берді, деп жазады dailykz.
Мобильді банкинг — банк клиентінің смартфонға орнатылған арнайы қосымшадағы жеке кабинеті. Бұл қызмет арқылы шоттарды төлеу, ақша аудару, сатып алу және несие рәсімдеу сынды операцияларды интернетке қосылған кез келген жерде орындауға болады.
Агенттік өкілдері атап өткендей, бұл сервистер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Дегенмен, қолайлылық пен қолжетімділік киберқауіптерді ұмыттыруға болмайды. Банк жүйелері сенімді қорғаныс қолданғанымен, алаяқтар көбіне қолданушылардың өз әрекеттеріндегі осал тұстарды пайдаланады.
Сондықтан қаржы реттеушісі қауіпсіздікті арттыру үшін мынадай ұсыныстар береді:
1. Қоғамдық Wi-Fi-дан сақ болу
Кафе, сауда орталығы, қонақүй сияқты орындардағы ашық желілер жеткілікті қорғалмаған болуы мүмкін. Алаяқтар жалған атаумен желі құрып, деректерді ұстап қалуы ықтимал.
- Желінің атауын персоналдан нақтылап алу;
- Сайт немесе қосымша интерфейсі әдеттегіден өзгеше болса, деректерді енгізбеу;
- Мүмкіндігінше мобильді интернетті немесе өз құрылғыңыздан берілген жеке нүктені пайдалану;
- Операция аяқталған соң қосымшадан міндетті түрде шығу.
2. Күрделі әрі бірегей пароль қолдану
- Кемінде 10 таңбадан тұратын, әртүрлі регистрдегі әріптер, сандар мен арнайы белгілер қосылған пароль орнату;
- Әлеуметтік желі немесе поштадағы паролді қайталамау;
- Паролдерді жазбада немесе мессенджерде сақтамау;
- Қажет болса, Google немесе Apple ID ұсынатын сенімді пароль менеджерін пайдалану.
3. Екі факторлы аутентификация (2FA)
Банктік қосымшаға кіруді SMS-код немесе аутентификатор қосымшасы арқылы қосымша растау қауіпсіздікті арттырады. Кодтарды телефон арқылы немесе мессенджерде ешкімге бермеу керек — тіпті қоңырау шалған адам өзін банк қызметкері деп таныстырса да.
4. Операциялар бойынша хабарламалар
SMS немесе push-хабарламаларды қосу күмәнді әрекеттерді уақытылы анықтап, шотты тез бұғаттауға мүмкіндік береді.
5. Тек ресми қосымшаларды жүктеу
Банктік қосымшаларды тек App Store немесе Google Play сынды ресми дүкендерден, ресми әзірлеушілерден жүктеу қажет. Хабарлама, әлеуметтік желі немесе электрондық пошталардағы сілтемелер арқылы орнатудан бас тартқан жөн.
6. Құрылғыға қолжетімділікті қорғау
- PIN-код, саусақ ізі немесе бет сканері арқылы смартфонды қорғау;
- Парольдерді ашық күйде сақтамау;
- Телефон жоғалған жағдайда SIM-картаны және қосымшаларға қолжетімділікті дереу бұғаттау.
Агенттік ескертеді: қаржылық қауіпсіздік әрбір пайдаланушының қырағылығынан басталады. Қарапайым ережелерді сақтау мобильді банкингтегі қаражатты қорғауға көмектеседі.