“ПСЖ” алғаш рет УЕФА Суперкубогын жеңіп алды

Францияның “Пари Сен-Жермен” клубы 2025 жылғы УЕФА Суперкубогы үшін өткен ойында Англияның “Тоттенхэм” командасын пенальти сериясында жеңіп, тарихында алғаш рет бұл трофейдің иегері атанды, деп хабарлайды dailykz.
Жаңа маусымдағы алғашқы еурокубоктық финал Италияның Удине қаласындағы “Блюэнерджи” стадионында өтті. Париждіктер Лига чемпиондарының, ал лондондықтар Лига Еуропасының жеңімпаздары ретінде сынға түсті. Негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталды.
Матч барысы
39-минутта “Тоттенхэм” қорғаушысы Микки ван де Вен допты қақпаға жеткізіп, есеп ашты. Ал 48-минутта аргентиналық капитан Кристиан Ромеро Педро Порроның асырған добын баспен торға түсірді — 0:2.
85-минутта оңтүстіккореялық Ли Кан Ин Витиньяның пасын пайдаланып, айып алаңынан тысқары жерден қақпаның төменгі бұрышын дәл көздеді — 1:2. Ал қосылған минуттарда француз вингері Усман Дембеленің асырған добын португалиялық Гонсалу Рамуш баспен қақпаға енгізіп, есепті теңестірді — 2:2.
Қосымша уақыт ойналмады, бірден пенальти сериясы басталды. Париждіктер бес соққының төртеуін дәл орындады, ал “Тоттенхэм” ойыншылары үш рет қана дәл көздей алды. Француз қақпашысы Люка Шевалье ван де Веннің соққысын қайтарды.
Тарихи жеңіс
Бұл – “ПСЖ” тарихындағы алғашқы УЕФА Суперкубогы. Бұған дейін клуб тек 1996 жылы финалға шығып, қос матч қорытындысы бойынша “Ювентуске” 2:9 есебімен жол берген болатын. “Тоттенхэм” бұл трофей үшін алғаш рет бақ сынады.
Айта кетсек, матч қарсаңында “ПСЖ” қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма төңірегінде жанжал шыққан еді. Өткен маусымның негізгі голкипері клубтан кететінін мәлімдеді. Оның орнына жазғы трансфер кезінде келген Люка Шевалье Суперкубок ойынында қақпаны қорғады және шешуші сәтте командасын жеңіске жеткізді.
“ПСЖ” алғаш рет УЕФА Суперкубогын иеленіп, жаңа маусымды тарихи жеңіспен бастады.