Спорт

“Ренжідім әрі көңілім қалды”: Доннарумма жанжал аясында “ПСЖ”-дан кететінін мәлімдеді

26 жастағы қақпашының париждік клубпен келісімшартына бір жыл қалған еді. Алайда тараптар жаңа келісімді ұзарту туралы ортақ шешімге келе алмады.

Жақында Доннарумманы УЕФА Суперкубогындағы ағылшынның “Тоттенхэм” клубына қарсы ойын алдындағы құрамнан алып тастады. “ПСЖ” бас бапкері Луис Энрике бұл шешім үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алып, өзіне басқа типтегі қақпашы қажет екенін айтты. Дегенмен, ол италиялықты әлемнің ең үздік қақпашыларының бірі деп атады.

Осы жағдайдан кейін Доннарумма итальян, ағылшын және француз тілдерінде “Париждің ерекше жанкүйерлеріне” арнап мәлімдеме жасады.

“Парижге келген алғашқы күннен бастап алаңда да, алаңнан тыс та орнымды ақтау үшін барымды салдым. Өкінішке қарай, біреулер менің енді команданың бір бөлігі бола алмайтынымды және табысқа үлес қоса алмайтынымды шешті. Мен ренжідім әрі көңілім қалды.
Үміттенемін, әлі де жанкүйерлердің көзіне тіке қарап, “Парк де Пренс” стадионында лайықты түрде қоштасуға мүмкіндік болады. Егер олай болмаса, сіздердің қолдауларыңыз бен жанашырлықтарыңыз мен үшін өте қымбат екенін біліңіздер. Мұны ешқашан ұмытпаймын.
Командадағы достарыма – екінші отбасым – әр шайқас, әр күлкі және біз бірге өткізген әр сәт үшін алғыс айтамын. Бұл клубта ойнау және Парижде өмір сүру – мен үшін зор мәртебе болды. Рахмет, Париж”
, – деді Доннарумма.

Қазіргі уақытта италиялық қақпашының мансабын қай клубта жалғастыратыны ресми түрде белгісіз. Өткен маусымда ол “ПСЖ”-ның негізгі қақпашысы болды және командамен бірге Суперкубокты, Кубокты, Франция чемпионатын, сондай-ақ Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Сонымен қатар, 2024/25 маусымының қорытындысы бойынша “Алтын допқа” үміткер атанған жалғыз қақпашы болды.

Доннарумма Париж клубына 2021 жылдың жазында италиялық “Миланнан” ауысып келген. Дәл осы клубтың академиясында тәрбиеленіп, кәсіби мансабын бастаған еді.

Биылғы жазғы трансферлік кезеңде “ПСЖ” “Лилльден” келген француз қақпашысы Люка Шевальені қатарға қосты. Күтіліп отырғандай, ол команданың негізгі нөмірі болмақ.

Айта кетейік, сейсенбі күні париждіктер тағы бір трансферді жариялады – ағылшынның “Борнмут” клубынан украиналық қорғаушы Илья Забарныйды сатып алды. Бұл – “ПСЖ” тарихындағы алғашқы украиналық футболшы.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button