Сарапшылар Қазақстанда доллардың 565 теңгеге дейін өсуін болжайды

Қазақстандық сарапшылардың бағалауынша, қазан айына қарай доллардың орташа бағамы 541,6 теңгені құрауы мүмкін. Ал бір жылдан кейін ол 565 теңгеге дейін көтеріледі деп күтілуде, деп хабарлайды dailykz.
Тамыз айында елдегі инфляция 12,2%-ға дейін жеделдеді. Осыған байланысты экономикалық тәуекелдер күшейіп, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) мамандары өз болжамдарын қайта қарады.
Аналитиктердің айтуынша, жанармай мен коммуналдық қызметтердің қымбаттауы, теңгенің әлсіреуі, импорттық тауарлар бағасының өсуі, бюджет шығындарының артуы және ҚҚС-тың ұлғаюы Ұлттық банкті базалық мөлшерлемені көтеруге итермелеуі мүмкін.
Сауалнамаға қатысқан сарапшылардың 40%-ы осындай қадам жасалуы ықтимал десе, қалған 60%-ы мөлшерлеме 16,5% деңгейінде сақталады деп санайды.
Инфляция бойынша болжам да айтарлықтай жоғары – бір жылдан кейін ол 11,4% шамасында болады деп күтілуде. Ұлттық банк өз кезегінде 9,5–11,5% дәлізін белгілеп отыр.
Бүгінгі таңда (10 қыркүйек) доллардың ресми бағамы 536,76 теңге болса, қазанға қарай 541,6 теңгеге, ал алдағы 12 айда 565 теңгеге жетуі ықтимал.
Сонымен қатар, сарапшылар мұндай болжамдарды абсолютті шындық ретінде қабылдамауға шақырады. Бұл тек мамандардың пікірлері екенін ескерген жөн.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлттық банк жүргізген сауалнамада кейбір сарапшылар доллардың 560 теңгеден жоғары деңгейге көтерілуін 2027 жылға қарай болжайтынын айтқан.