Шымкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық мерген жүлдеден бір қадамға жетпей тоқтады

2025 жылғы спорттық атыстан Азия чемпионаты Шымкент қаласында басталды. Алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының өкілі Валерий Рахимжан медальға сәл жетпей қалды, деп хабарлайды dailykz Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.
Рахимжан 10 метр қашықтықтан пневматикалық тапаншамен атудан финалға шығып, 195,1 ұпай жинады. Нәтижесінде ол төртінші орынға тұрақтады.
Жарыс жеңімпазы қытайлық Қай Ху болды. Күміс жүлдені Оңтүстік Корея спортшысы Су-хен Хон иеленсе, үздік үштікті ирандық Амир Джохариху түйіндеді.
Айта кетейік, құрлық біріншілігі 30 тамызға дейін жалғасады. Оған 27 елден келген 800-ден астам спортшы қатысып жатыр. Жарыстар «тапанша», «винтовка», «қозғалмалы нысана», «стенд ату», «трап», «скит» және «скит-микс» секілді бірнеше бағдарламада өтеді. Чемпионат аясында 700-ден аса медаль сарапқа салынады.