Сол жақ қол ұйыса: неден болуы мүмкін?

Кейде күнделікті күйбең тіршілікте сол жақ қол ұйып қалуы көп адамға таныс жағдай. Мұндайда біраз адам оған аса мән бермей, уақытша жайсыздық деп қабылдайды. Дегенмен кейбір жағдайда бұл белгі маңызды аурулардың хабаршысы болуы да мүмкін.
Қолдың ұйып қалуы – медициналық тілде парестезия деп аталады. Оның ең жиі себебі – қолдағы қан айналымының уақытша бұзылуы немесе жүйке талшықтарының қысылып қалуы. Мысалы, қолды ұзақ уақыт бір қалыпта ұстау, дұрыс жатпау, ауыр сөмке көтеру жүйкені жаншып, ұйып қалуға әкеледі.
Алайда, егер ұйып қалу жиі қайталанса немесе ұзаққа созылса, жүйке жүйесінің немесе жүрек-қан тамырларының ауруларынан сақтану керек. Сол жақ қолдың ұйып қалуы кейде омыртқа арасындағы жарықтың (грыжа) белгісі болуы мүмкін. Тіпті жүрекке қан жеткізілмеу жағдайында (мысалы, стенокардия немесе инфаркт алдында) да кей адамдар сол жақ қолының ұйығанын сезінеді. Сондықтан басқа белгілермен бірге жүрек тұсы ауырса немесе дем жетпесе, дереу дәрігерге жүгіну қажет.
Не істеу керек? Егер қол уақытша ұйып қалса, жеңіл уқалау, қалыпты өзгерту жеткілікті. Ал жиі қайталанса, дәрігерге қаралып, қан қысымын өлшету, омыртқа мен жүйке жүйесін тексеру артық етпейді.