Тамак обыры: белгілері мен алдын алу жолдары

Адам денсаулығының маңызды бөлігі – ас қорыту жүйесі мен тыныс жолдарының түйіскен тұсы саналатын тамақ аймағы. Өкінішке қарай, соңғы жылдары тамақ обыры жиі кездесіп отыр. Бұл дерт көбінесе көмейде, жұтқыншақта немесе ауыз қуысының артқы бөлігінде пайда болып, кейде ұзақ уақыт байқалмай дамуы мүмкін.
Негізгі себептері қандай?
Обырдың басты себептерінің бірі – шылым шегу мен алкогольді шамадан тыс қолдану. Сонымен қатар, дұрыс тамақтанбау, вирустық инфекциялар (мысалы, адам папиллома вирусы) да қауіп факторына жатады. Тұқым қуалайтын бейімділік те маңызды рөл атқарады.
Белгілері қандай болуы мүмкін?
Ауру ерте кезеңде аса айқын белгілер бермеуі мүмкін. Дегенмен, мынадай жағдайлар байқалса, дәрігерге көріну маңызды:
- Тамақтың жиі жыбырлауы немесе ауырсынуы;
- Дауыстың қарлығуы немесе өзгеруі;
- Жұтынудың қиындауы;
- Құлаққа таралатын ауырсыну;
- Мойында ісік немесе түйіннің пайда болуы.
Қалай алдын алуға болады?
Алдын алу үшін ең маңыздысы – зиянды әдеттерден бас тарту. Шылым шегуді тоқтату, алкогольді шектеу және дұрыс тамақтану иммунитетті нығайтады. Сонымен қатар, ауыз қуысы мен тамақ аймағының гигиенасын сақтау да обырдың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Емдеу жолдары
Егер обыр анықталса, қазіргі таңда хирургиялық әдістер, сәулелік терапия және химиотерапия сияқты емдеу тәсілдері қолданылады. Ауруды ерте анықтау – тиімді емдеудің кепілі екенін ұмытпаған жөн.