News

“Тарихи күн”: Тоқаев Конго президентін «Достық» орденімен марапаттады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конго Демократиялық Республикасының басшысы Феликс Чисекедиді «Достық» I дәрежелі орденімен марапаттады, деп хабарлайды dailykz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы бұл күнді екі ел ынтымақтастығы тарихындағы ерекше сәт деп атады.

“Қазақстан мен Конго арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Бізді достық пен өзара құрмет байланыстырады. Бүгінгі келіссөздер нәтижесінде екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретін маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік”, – деді Тоқаев.

Президент Қазақстанның Конгоны Африкадағы сенімді серіктес деп санайтынын атап өтті. Оның айтуынша, екі елді саяси ерік, экономикалық әлеует және мәдени-гуманитарлық мақсаттар тоғыстырады.

Тоқаев Феликс Чисекедидің елін алға жетелеп келе жатқан нағыз көшбасшы екенін айтты. Ол Конго экономикасының өсімі мен халықаралық беделінің нығаюын президенттің еңбегімен байланыстырды.

“Сіздің басшылығыңызбен Конго елеулі табыстарға қол жеткізіп келеді. Қазақстан бұл жолда сіздің еліңізге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын”, – деді мемлекет басшысы.

ҚР Президенті арнайы шешім қабылдап, Феликс Чисекедиді Қазақстан мен Конго арасындағы достықты нығайтуға, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қосқан үлесі үшін «Достық» орденімен марапаттады.

“Бұл – қазақ халқының сізге деген ерекше құрметі мен ризашылығының белгісі. Африка елдерінің ішінде тұңғыш рет осындай жоғары наградаға ие болып отырсыз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, 9-10 қыркүйекте Феликс Чисекеди Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бүгін Ақордада ресми қарсы алу рәсімі өтіп, екі ел президенттері келіссөздер жүргізді.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button