News

Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарын құттықтап, “Болашақ” бағдарламасына жаңа мүмкіндік ашатынын мәлімдеді

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пәндік олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен оқушылармен кездесті, деп хабарлайды dailykz Ақордаға сілтеме жасап. Іс-шараға химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндері бойынша 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері атанған 24 лауреат шақырылды.

Мемлекет басшысы жас таланттарды жеңістерімен шын жүректен құттықтап, білім жолындағы еңбектеріне алғысын білдірді.

“Халықаралық білім бәйгелерінде жүздеген, тіпті мыңдаған мықты қарсыласты артта қалдыру – оңай шаруа емес. Мұндай биіктерге тек білімге деген құштарлық, еңбекқорлық және табандылық арқасында жетуге болады. Дарын – бақыт, бірақ жалғыз дарын жеткіліксіз, оны дамытып, толық пайдалану қажет. Әрбір жеңіс пен медаль – тынымсыз дайындық пен табанды еңбектің нәтижесі. Мұнда ұстаздардың еңбегін ерекше атап өткім келеді”, – деді Тоқаев.

Президент ұстаздарға және дарынды ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтып, Қазақстанның болашағы – шығармашыл, білімді жастардың қолында екенін атап өтті.

Соңғы бір жылда қазақстандық оқушылар 30-дан астам халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, мыңдаған медаль иеленген. Оның ішінде шамамен 200-і – алтын, 300-ден астамы – күміс, 500-ге жуығы – қола жүлде.

“Бұл – еліміздегі білім сапасының жоғары екенін көрсетеді. Әрбір жеңімпаз – Қазақстанның мақтанышы. Сіздер болашақта ел дамуына елеулі үлес қосатыныңызға сенімдімін”, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жастардың жан-жақты дамуы – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін айтып, бұл салада жаңа форматтағы “Келешек мектептері” ашылып жатқанын, ұстаз мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Ғылым жолын таңдаған жастарға “Болашақ” халықаралық стипендиясы арқылы жан-жақты қолдау көрсетілуде.

“Біздің міндет – бұл стипендияны ең қабілетті әрі дарынды жастарға беру, кездейсоқ адамдардың өтіп кетуіне жол бермеу. Келесі жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздары “Болашақ” бағдарламасымен оқуға мүмкіндік алады. Осылайша, біз талантты әрі мақсатшыл жастарды барынша қолдаймыз”, – деді Президент.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев алтын, күміс және қола медаль иегерлеріне тиісінше 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйлық сертификаттарын табыстады. Ол ұстаздар мен тәлімгерлердің еңбегін ерекше бағалап, олардың мемлекеттік наградаларға лайық екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы, Испания және БАӘ-де өткен халықаралық олимпиада жеңімпаздарын, сондай-ақ FIDE World Cup 2025 жарысында сәтті өнер көрсеткен шахматшы Меруерт Камалиденованы құттықтаған болатын.

Халықаралық олимпиадалардағы жеңістер – Қазақстан жастарының интеллектуалдық әлеуеті мен елдің білім саласындағы жоғары беделінің айқын дәлелі.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button