Тоқаев Мәскеуге сапары алдында Ресей үкіметінің бірінші орынбасарымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге мемлекеттік сапары қарсаңында Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуровты қабылдады, деп хабарлайды dailykz Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында алдағы мемлекеттік сапар аясында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстанда бірқатар ірі ресейлік компаниялардың табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтіп, бұл өзара сенімнің жоғары деңгейін көрсететінін айтты.
Екі ел арасындағы серіктестік нығая түсуде
Өз кезегінде Денис Мантуров жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, Ресей тарапынан екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Ол сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасында бірлескен жобаларды дамыту үшін берік негіз қалыптасқанын, және олардың сәтті жүзеге асатынына сенім білдірді.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Денис Мантуровты «Достық» І дәрежелі орденімен марапаттады. Бұл марапат оның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуға, сондай-ақ екі ел халықтарының арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесіне берілді.
Мәскеуге сапар қарсаңындағы дайындық
Еске сала кетсек, бұған дейін Душанбе қаласында өткен «Орталық Азия – Ресей» саммиті барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесу өткізген болатын. Сол кезде Қазақстан басшысының 12 қараша күні Ресейге ресми сапармен баратыны белгілі болған еді.
Жуырда екі ел президенттері телефон арқылы сөйлесіп, алдағы мемлекеттік сапардың дайындық мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы келіссөздердің сәтті және нәтижелі өтетініне сенім білдіріп, сапардың екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеретініне назар аударды.
Сауда және инвестиция – серіктестіктің өзегі
Мемлекет басшысы екі ел үкіметтерінің үйлесімді және белсенді жұмысының арқасында Ресейдің Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып отырғанын атап өтті.
Тоқаев сондай-ақ Владимир Путинмен бұған дейін қол жеткізілген келісімге сәйкес, жақын жылдары екіжақты тауар айналымын 30 миллиард АҚШ долларына жеткізу жоспарын еске салды.
Президенттің айтуынша, Ресей Федерациясы Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар көлемі мен қарқыны бойынша көшбасшылардың бірі саналады. 2024 жылы ресейлік инвестициялардың жалпы көлемі 4 миллиард АҚШ долларына жеткен.



