Тоқаев тапсырмаларын іске асыруға қанша қаражат бөлінді: Қаржы министрлігі мәлімдеді

Мәжілісте 2026–2028 жылдарға арналған бюджет жобасының таныстырылымында қаржы вице-министрі Абзал Байсембекұлы президент тапсырмаларын орындауға бөлінген қаражат көлемін жария етті, деп хабарлайды dailykz.
Вице-министрдің айтуынша, 2026 жылға республикалық бюджет кірісі 23,1 трлн теңге көлемінде болжанып отыр.
«Бюджет шығыстары, кірістер мен дефицит есебінен, 27,7 трлн теңгені құрайды, бұл ағымдағы жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге көп. Мемлекеттік қарызды қызмет көрсетуге 3,5 трлн теңге жоспарланған. Төтенше жағдайларды жабу және шұғыл шығыстар үшін мемлекеттік резервке шамамен 500 млрд теңге бағытталмақ.
Президент бастамаларына 285 млрд теңге бөлінген. Ал субвенциялар үшін 5,1 трлн теңге қарастырылған. Ең басты басымдық – негізгі міндеттердің толық қаржыландырылуы», – деді Абзал Байсембекұлы.
Спикердің мәліметінше, 2026 жылға жоспарланған 36,2 трлн теңге көлеміндегі шығыстардан 27,7 трлн теңге қолдау тапқан.
«Бұл – әкімшілермен бірге жүргізілген ауқымды жұмыс. Тек маңызды және қажетті бағыттар таңдалды. Шығыстарды оңтайландыру және басымдыққа бөлу жұмыстары жүргізілді. Бұл ағымдағы базалық шығыстарды оңтайландырып, олардың жалпы шығыстардағы үлесін 15%-дан 12,3%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Өкілдік және ағымдағы сипаттағы шығыстар да оңтайландырылып, нақты секторға бағытталды», – деп қорытындылады вице-министр.
Еске салсақ, Тоқаев халыққа жолдауында жұмысшы мамандық иелерінің лайықты еңбекақысын қамтамасыз ету, елдегі осал топтарға әлеуметтік төлемдерді барлық өңірде бірдей деңгейге келтіру және мемлекеттік секторды реформалау бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырған.
Сонымен қатар, президент импорттық азық-түлікке тәуелділікті азайту керектігін де ескертті.