News

Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауы: толық мәтін

Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауы – Қазақстан халқы үшін жаңа тарихи кезеңде елдің болашағын айқындайтын маңызды құжат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында елдің ішкі және сыртқы саясатын, экономикалық даму бағытын, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты жолдарын атап өтті, деп хабарлайды dailykz Ақордаға сілтеме жасап.


Парламент жұмысы мен халық сенімі

Өткен аптада жаңа парламенттік сессия ашылды. Президент депутаттарға сәттілік тілеп, өткен сессияның нәтижелі болғанын атап өтті. Көптеген маңызды заңдар қабылданып, азаматтарды толғандырған мәселелер жан-жақты талқыланды.

Жазғы демалыс кезінде депутаттар өңірлерге барып, халықпен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Енді бұл мәселелер үкіметпен бірлесіп талданып, шешімін табуы тиіс. Тоқаевтың айтуынша, парламент депутаттары еліміздегі ауқымды реформаларды іске асыруда ерекше рөл атқарады.


Жаңа әлемдік тәртіп және қауіп-қатерлер

Президенттің айтуынша, бүгінде әлем жаңа тарихи дәуірге қадам басты. Бұл кезең адамзат үшін жеңіл болмайды. Жаһандық державалар арасындағы қайшылықтар, мемлекетаралық ұйымдардағы шиеленістер күшейді. Соның салдарынан соғыстар мен қақтығыстардың саны артып отыр.

Кейбір елдерде шектен шыққан ұлтшылдық белең алып, әлемдік экономикадағы теңсіздік тереңдеуде. Бір елдер жасанды интеллект арқылы озық табыстарға жетсе, басқалары артта қалып жатыр.

БҰҰ-ның рөлі әлсіреп, халықаралық құқықтың беделі түсуде. Табиғи апаттар мен техногендік дағдарыстар ұлттық экономикаларға үлкен шығын әкелуде.

Сонымен қатар, миграциялық дағдарыс, босқындар ағыны, қару-жарақ пен есірткі саудасы күшейіп барады. Жасанды интеллектке негізделген қауіпті қарулардың пайда болуы адамзатқа жаңа қауіп-қатер әкелуде. Мұның бәрі жаңа геосаяси парадигманың қалыптасып жатқанын көрсетеді.


Қазақстанның ұстанымы

Қазақстан – Еуразия жүрегінде орналасқан, жаһандық қауымдастықтың ажырамас бөлігі. Президенттің айтуынша, еліміз әлемдік тұрақсыздыққа қарамастан, цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріне нық қадам басты.

Тоқаев өз миссиясын – халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету деп атады. «Бұл – біздің ортақ ісіміз, азаматтық әрі патриоттық парызымыз», – деді ол.


Реформалар және қоғам жаңғыруы

Соңғы жылдары жүргізілген ауқымды өзгерістердің арқасында Қазақстанның саяси жүйесі ашық әрі прогрессивті бола түсті. Азаматтардың мемлекетке деген сенімі артып, заңдылық, әділдік пен тәртіп қағидалары нығая бастады.

Сонымен қатар, елде кешенді экономикалық реформалар қолға алынды. Инфрақұрылым құрылысына, жаңа өндірістер ашуға ірі инвестициялар салынуда. Бұл шаралардың бәрі халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған.


Цифрландыру және жасанды интеллект

Жасанды интеллекттің жылдам дамуы жастардың санасы мен өмір салтына ықпал етуде. Президенттің пікірінше, бұл үдерісті тоқтату мүмкін емес, сондықтан Қазақстан оған дайын болуы тиіс.

Тоқаев үш жыл ішінде елімізді толыққанды «цифрлық мемлекетке» айналдыруды стратегиялық міндет ретінде қойды. Ол үшін:

  • Цифрлық кодекс қабылданады,
  • Жасанды интеллект, платформалық экономика, Big Data енгізіледі,
  • Мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі жаңғыртылады.

Осы мақсатта жаңа Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру ұсынылды.


Инвестициялық саясат

Президенттің айтуынша, қазіргі инвестициялық саясат жеткілікті нәтижелі емес. Қаржы негізінен шикізат саласына бағытталуда. Енді басты міндет – өңдеу өнеркәсібіне және жоғары технологиялық жобаларға инвестиция тарту.

Үкіметке:

  • Жаңа инвестициялық циклді іске қосу,
  • Инвесторларға тиімді преференциялар ұсыну,
  • «Инвестициялық тапсырысты» нақтылау,
  • Инвестиция тарту жүйесін түбегейлі қайта қарау тапсырылды.

Сонымен бірге, заңсыз активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті етіп қайта құру ұсынылды.


Банктер, қаржы және цифрлық активтер

Президент банк жүйесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, банктер нақты экономикаға қаржы салудан гөрі, төмен тәуекелді құралдарға көбірек қаржы құюда. Бұл мәселені шешу үшін жаңа Банктер туралы заң қабылдануы тиіс.

Цифрлық теңге енгізіліп, ұлттық бюджет пен мемлекеттік холдингтердің жобаларын қаржыландыруға қолданыла бастады. Енді оның аясын кеңейту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Ұлттық банк негізінде Мемлекеттік цифрлық активтер қоры құрылып, стратегиялық криптоактивтер резерві жасалмақ.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button