News

Токаев Қытайда Қазақ мәдени орталығының ашылуына қатысып, ескі достарымен кездесті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға ресми сапары аясында Бейжіңде Қазақ мәдени орталығының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды dailykz Ақордаға сілтеме жасап.

Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы бұл оқиғаны екі халықтың рухани өмірі үшін аса маңызды тарихи қадам деп атап өтті.

«Бұл – қазақ халқының қытай халқына деген шынайы құрметін көрсететін тарихи оқиға. Сонымен қатар, Қытайдың Қазақстанға достық пейілінің белгісі. Ең алдымен осы бастаманы қолдағаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге, Қытайдың мәдениет және туризм министрі Сунь Елеге, сондай-ақ екі ел азаматтарына алғыс білдіремін.
Бүгінгі салтанатқа менің Бейжіңде оқыған кезімдегі ұстазым, профессор Лю Шицинь бастаған көне достарымның, қытайлық дипломаттар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің қатысқаны қуантады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз қаншалықты берік болса, достығымыз да соншалықты мызғымас болады. Өнер мен мәдениет – халықтарды біріктіретін алтын көпір», – деді Президент.

Салтанат аясында Қасым-Жомарт Тоқаевқа орталықтағы арнайы залдар, кітапхана, қазақ тілі, музыка және шығармашылық кабинеттері таныстырылды. Көрме залында Қазақстан тарихын ежелгі сақ дәуірінен ХХ ғасырдың басына дейін қамтитын экспонаттар қойылған.

Экспозиция бес бөлімнен тұрады: археология, зергерлік өнер, қару-жарақ шеберлігі, музыкалық аспаптар және этнография. Ал кітапхана қорында қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілдеріндегі 1000-ға жуық еңбек жинақталған.

Еске сала кетейік, 30 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысу үшін Тяньцзиньге барған болатын.

Сонымен қатар бүгін Бейжіңде қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтіп, екі ел бірқатар құжаттарға қол қойды.

Жақында екі ел көшбасшыларының келіссөздері нәтижесінде Қазақстанда Лу Бан шеберханасының екінші және үшінші орталықтарының ашылу рәсімі де өткен еді.

Қытайдағы Қазақ мәдени орталығының ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен мәдени ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button