Трамп Алькарас пен Синнер финалын кешіктіріп, жанкүйерлердің сынына ұшырады

АҚШ президенті Дональд Трамптың US Open ерлер арасындағы финалына келуі матчтың уақытылы басталуына кедергі келтірді. Кейбір жанкүйерлер қауіпсіздік шараларына байланысты ойынды бастап кеткеннен кейін ғана трибунаға кіре алды, деп хабарлайды dailykz.
Кешігу себебі
The Guardian басылымының жазуынша, финал алдындағы рәсімдер кезінде трибунадағы көрермендердің бір бөлігі әдеттегіден кеш орналасты. Тіпті 45 минут өткен соң да стадион толық толмаған еді. Сол кезде Карлос Алькарас Янник Синнерді 6:2 есебімен ұтып жатқан болатын.
АҚШ Құпия қызметінің мәлімдемесінде президентті қорғауға бағытталған кешенді шаралар көрермендер үшін кідірістер тудыруы мүмкін екені айтылды.
Жанкүйерлердің реакциясы
Ұлттық гимн орындалып жатқан сәтте стадион экранында Трамптың құрмет көрсетіп тұрған бейнесі көрсетілгенде, залда бір мезетте әрі қол шапалақтау, әрі айқын ысқырық естілді. Қол шапалақтау көп ұзамай ысқырық астында қалып, Трамп күлімсіреп жауап қатты.
Бірінші сеттен кейін экранда тағы да президенттің бейнесі пайда болғанда, жанкүйерлер одан да қатты наразылық білдірді. Тек камера оны көрсетуді тоқтатқанда ғана шудың бәсеңдегені байқалды.
Матч нәтижесі
Естеріңізге сала кетейік, Алькарас пен Синнер арасындағы финал төрт сетке созылып, 2 сағат 42 минутқа жалғасты. Испандық теннисші 6:2, 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетіп, US Open турнирінде екінші рет топ жарды.
Бұл – оның мансабындағы алтыншы «Үлкен дулыға» титулы. Бұған дейін Алькарас екі мәрте «Ролан Гарроста» (соның ішінде биыл) және екі рет «Уимблдонда» жеңімпаз атанған болатын.