UFC соңғы турнирден кейін үздік жекпе-жекшілер рейтингін жаңартты

Абсолютті жекпе-жек чемпионаты (UFC) соңғы өткен турнир қорытындысы бойынша үздік спортшылар рейтингін жаңартты, деп хабарлайды dailykz промоушеннің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен аптада Лас-Вегаста ұйым кезекті шоуын өткізді. Кештің басты жекпе-жегінде америкалық Энтони Эрнандес грузин спортшысы Роман Долидзені төртінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңді.
Бұл жеңіс Эрнандеске орта салмақтағы (83,9 кг) рейтингте үш саты жоғары көтеріліп, жетінші орынға шығуға мүмкіндік берді. Долидзе екі орын төмендеп, 11-орынға түсті. Енді топ-10-ды америкалық Брендан Аллен түйіндесе, австралиялық Роберт Уиттакер мен америкалық Джаред Каннонир бір орыннан сырғып, сәйкесінше сегізінші және тоғызыншы орынға жайғасты.
Қазақстандық спортшылар өз позициясын сақтап қалды: Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақта (77,1 кг) — үшінші, ал Асу Алмабаев ең жеңіл салмақта (56,7 кг) — тоғызыншы орында тұр.
Жалпы ерлер арасындағы, салмақ дәрежесіне қарамастан, UFC үздік жекпе-жекшілер рейтингінде көшбасшы орынды жеңіл салмақ чемпионы, грузин Илия Топурия ұстап тұр. Әйелдер рейтингінде ең жеңіл салмақ чемпионы, қырғызстандық Валентина Шевченко әлі де бірінші орында.
Еске салайық, бұған дейін UFC тарихтағы ең ірі миллиардтаған долларлық келісімшартқа қол қойғаны белгілі болған еді.