Жаңа оқу жылы қарсаңында мыңдаған балаға AMANAT партиясы көмек көрсетті

Жаңа оқу жылы қарсаңында AMANAT партиясы дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын 16-шы жыл қатарынан өткізіп келеді. Бұл шара «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асуда және мыңдаған әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға нақты қолдау көрсетіп отыр, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Аталмыш игі бастама жыл сайын мектепке дайындықты үлкен сынақ ретінде қабылдайтын ата-аналарға көмек беріп, балаларды жаңа білім сапарына сеніммен қадам басуға жетелейді.
Партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында кемінде 1,2 млн ыңғайлы оқушы орны ашу, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толық шешу, сондай-ақ 3 мыңға жуық білім беру нысанын жаңғырту көзделген. Биылдың өзінде ел бойынша 83 жаңа мектеп бой көтерді.
Сонымен қатар, «Бақытты отбасы» жобасы аясында 2024 жылы 37 мың отбасы тікелей көмек алды. Мемлекеттік қолдау шараларының орындалуына қоғамдық-партиялық бақылау орнатылды. Ел бойынша ашылған 104 Отбасы қолдау орталықтарында 500-ге жуық ана балаларымен уақытша орналасты. Бұдан бөлек, 3,4 мыңға жуық әлеуметтік осал отбасы заңгерлік көмекке ие болды.
Жаңа оқу жылы алдында AMANAT партиясының осындай қайырымдылық шаралары мыңдаған отбасыға қуаныш сыйлап, балалардың жарқын болашағына жол ашты.